ҰБТ басталды
Қазақстанда ҰБТ басталды. Сынақ биыл елде оныншы рет өткізілуде. Тест маусымның үші мен он бесі аралығында өтеді. Ақтөбеде де бүгін ұлттық біріңғай тестілеу басталды. Шара қалада 3 жерде өтуде. Оның бірі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде болса, ал қалған екеуі Қ.Жұбанов университеті мен Ақтөбе педагогикалық институтында орын тепкен. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде ұлттық біріңғай тестілеу сынағы таңертең сағат 9-да басталды. Мұнда 48 мектептен келген 1047 оқушы білімдерін сарапқа салуда. Ақтөбеде өтіп жатқан білім сынағына қала мектептерімен қатар Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарының оқушылары да қатысуда. Тестілеу қорытындысы бүгін кешке белгілі болады. Тестілеу өтетін орын мұқият тінтілген. Барлық дәрісханалар арнайы орнатылған бейнекамералардың бақылауында. Ғимаратқа кіре берісте металл іздегіш қондырғы тұр. Бұл құрылғы темір мен ұялы телефонның толқындарын бірден сезеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай қондырғыны алдау мүлде мүмкін емес. Оның үстіне дәліздерде ұялы телефонның толқындарын тұншықтыратын қондырғылар орнатылған. Соған қарамастан бүгінгі талапкерлердің арасында ақылды қондырғыны алдап, ұялы телефон алып өтпекші болған оқушылар да болыпты. Дегенмен ол әрекеттері сәтті жүзеге аспаған. Шараның жоғары талаптарға сай өтуін білім және ғылым министрлігінен келген 8 адам бақылауда. Одан басқа ҰҚК -ң өкілдері бар. Қазақстанда биыл ұлттық біріңғай тестілеуге 100 мыңға жуық үміткер қатысады. Ақтөбеде биыл жалпы білім беретін орта мектепті 6 мың 940 оқушы аяқтаған. Соның 74 пайызы тестілеуге қатысады. Отбасылық немесе денсаулық жағдайына байланысты сынаққа қатыса алмағандар, алдағы уақытта министрлік бекіткен кешенді тестілеуден өтетін болады. |
Количество показов: 2371
Дата создания: 03.06.2013 18:47:52