Биыл облыс бойынша 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Республикалық индустриаландыру картасына биыл біздің облыстан 73 инвестициялық жоба енгізілді. Оның үшеуі- осы жылы жүзеге асырылады. Аудандар арасында Мұғалжар, Алға және Хромтау белсенділік танытуда. Өңір басшысы өзге аудандарға солардан үлгі алуға кеңес берді. Облыстың ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы даму көрсеткіші көңілге қонымды. Өнеркәсіптік өнім көлемі 327 млрд теңгені құраған. Өнеркәсіптің барлық салалары бойынша өсу байқалады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова баяндады. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасына республикалық қазынадан біздің өңірге 1,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Қазір өңірлік үйлестіру кеңесі жеке кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерді қарап, 35-іне келісім берді. Облыс әкімі Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Темір, Ойыл мен Қобда кәсіпкерлерін бағдарламаға белсенді қатысуға шақырды. Аталған аудандардан бірде-бір өтініш түспеген. Ақсап тұрғанымыз-ауыл шаруашылығы саласы. Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалованың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімінің көрсеткіштерінде сәл төмендеу байқалады. Әсіресе, мал басы азайған. Қазір облыс бойынша миллионға жуық қой мен ешкі, 400 мың ірі қара, 74 мың жылқы бар. Олқылықтың орнын толтыру үшін мал шаруашылығын дамытуды қолдауға арналған "Сыбаға" секілді бағдарламаны барынша қолдауымыз керек деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Жылыту маусымын төтенше жағдайсыз аяқтадық. Жылу құбырларынан шыққан ақауларды дер кезінде жөндедік деді баяндамасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков. Апатты жасырып қалған аудан әкімдеріне ескерту жасалды. Дер кезінде қимылдамағанның кесірінен қаншама үй жылусыз қалғанын естен шығармау керектігін айтты. ҰБТ сынағы кезінде балл көрсеткіші үшін емес, білім деңгейінің жоғары болуына мән беруіміз керек. Облыстық білім басқармасы бастығының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осындай тапсырма берді. Соңғы өткізілген алдын ала тестілеу нәтижелері бойынша түлектердің жинаған орташа балы жоғарылап келе жатқандығы байқалады. Қазіргі орташа балл- 81,9. Биылғы ерекшелік- тест тапсырмаларына өзгерістер енгізілген. |
Количество показов: 1739
Дата создания: 22.04.2013 18:04:56