Биыл Ақтөбенің жолдарын жөндеуге 2,5 млрд. теңге жұмсалады
Биыл Ақтөбенің жолдарын жөндеуге қазынадан 2,5 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Ал білім саласына бөлініп отырған қаражаттың көлемі 783 млн. теңгеден астам. Бұл туралы бүгін өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 10-шы сессиясында айтылды. Сессия барысында депутаттар энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты мәселелерді талқыға салды. Осы орайда өңірімізде қуат үнемдеуге қатысты жаңа тиімді технологияларды енгізу қажеттілігі де сөз болды. Энергияның баламалы көздерін іске асыру мақсатында алдағы жылдары Ақтөбеде жел паркі іске қосылмақ. Аталмыш нысанның құрылысына қатысты "Эрминд" ЖШС-мен арнайы меморандумда жасалған. Ал қуаттылығы 96 МВт-ты құрайтын бұл нысан қаламызда 2016 жылы іске қосылатын болады. Жалпы үстіміздегі жылы қазына қаражатының кіріс және шығыс бөлігі 8 млрд. 467 млн. теңгеге өскен. Бұл қаржының қомақты бөлігі елді мекендерді газдандыру жұмыстарына жұмсалатын болды. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Ғани Тасмағамбетовтың айтуынша биыл денсаулық сақтау саласына облыс қазынасынан 582 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аталған қаражаттың қомақты бөлігіне облыстық қан орталығы мен "Ардагерлер" емханасы жөнделетін болады. Ал, қалған қаржыға қаладағы емдеу мекемелеріне қажетті құрал жабдықтар сатып алынбақ. Депутаттардың делебесі де дәл осы кезде қозды. Халық қалаулыларының бірі денсаулық сақтауға қазына қаржысының қалай жұмсалатынын сұрады. Атқарушы билік аймақтың ауыл шаруашылығы саласына да айрықша назар аударған. Бюджетте бұл басқармаға 648 млн. теңге беріледі деп жазылыпты. Аталған қаражат материалдар мен жанар-жағар май құнын арзандатуға жұмсалмақ. Ал, құрылыс саласын қарыштатуға үстіміздегі жылы қазынадан 2 млрд. 200 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. |
Количество показов: 2026
Дата создания: 17.04.2013 18:47:53