Биыл Ақтөбенің 20 шақырым жолы жөнделді
Биыл Ақтөбеде 20 шақырымнан астам жол жөнделген. Осы мақсатта қазынадан 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Атқарылған жұмыстар алдағы жылдарда да жалғасын таппақ. Бүгін қала әкімдігінде есеп берген атқарушы билік өкілдері осылай деп мәлімдеді. Үстіміздегі жылы қаламызда бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ Ақтөбенің ескі бөлігі мен Шанхай ауданындағы бірқатар жолдарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жабындылары жаңартылған. Алдағы жылдары қаламыздың ескі бөлігі мен 11 мөлтек ауданын жалғайтын ұзындығы 500 метрге жуық Ақтөбедегі ең үлкен көпір іске қосылмақ. Осы мақсатқа бюджеттен 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір аталған аймақта құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Сондай-ақ М.Мәметова көшесінде де келер жылы ауқымды жұмыс басталмақ. Келер жылы билік өкілдері қаламыздағы бірнеше жолдарды жаңартуға кіріспек. Олардың қатарында Құрмыш ауданындағы Смағұлов, Чапаев, Жүргенов, Жангелдин сынды жылдар бойы жөні түзу жөндеу көрмеген көшелер бар. Сондай-ақ алдағы жылы Әуе қалашығы ауданындағы теміржол өткелі кеңейтіліп, 4 жолақты өткелге айналмақ. |
Количество показов: 1996
Дата создания: 09.11.2012 18:20:06