Бензин сапасы Еуро-4 стандартына сай емес
Елімізде Еуро-4 стандарты ресми түрде енгізілгелі бір айдан асты. Ал, жанар-жағар май құю бекеттеріндегі бензинннің сапасы өзгерген жоқ. Бұрынғысынша, нашар. Бұл ақтөбелік жүргізушілердің пікірі. Ақтөбе облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаменті мамандары мұнай өнімдерін сатумен айналысатын мекемелердегі бензиннің сапасын тексерген. Кемшіліктер табылған жоқ. Еуро-4 экологиялық стандарты ел жолдарын ескі көліктерден арылтып, ауамызды зиянды қалдықтардан тазартуды көздейді. Осы стандарт бойынша, 1-шілдеден бері Қазақстанға Еуро-3 экологиялық класына сай және одан төмен көліктер кіргізілмей жатыр. Бұл тек шетелден әкелінетін көліктерге қатысты шектеу. Отандық көліктер үшін Еуро-4 стандарты жаңа жылдан бастап ескерілетін болады. Ескі көліктердің экологиялық класын анықтаудың өз жүйесі бар. Мәселен, Еуроодақ елдерінде 2005 жылдан бері шығарылған машиналарды Қазақстанға әкелуге рұқсат етілген. АҚШ және Корея көліктері 2006 жылдан, жапондық және ресейлік машиналар 2010 жылдан, қытайлық көліктер 2012 жылдан бастап еуро-4 стандартына сай келеді. Егер көлік шығарылған ел үкімет бекіткен тізімде болмаған жағдайда, ол машина экологиялық сараптамадан өткізіледі. Ақтөбеде сырттан әкелінетін көліктерге сапа сертификатын бес мекеме береді. Еуро-4 стандартын енгізудегі тағы бір маңызды жайт - ол көлік отыны. Жоғары стандартты көлікке сәйкесінше сапалы бензин құйылуы тиіс. Ал, біздің жанар-жағар май құю бекеттеріндегі өнім "сапа" ұғымынан әлдеқайда алшақ дейді ақтөбелік жүргізушілер. Ақтөбе облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаменті мамандары мұнай өнімдерін сатумен айналысатын мекемелердегі бензиннің сапасын тексерген. Кемшіліктер табылған жоқ. Департаментінің бас маманы Болат Маханалиннің айтуынша, жанар-жағар май сататын кәсіпорындар тексерулер жөнінде алдын-ала, яғни 30 күн бұрын хабар алады. Компаниялар осы мерзім ішінде біраз олқылықтың бетін жауып үлгеруі мүмкін. Үкімет қаулысы бойынша, Еуро-3 стандартына сай көлік отыны біздің елдің бекеттерінде 2014 жылдың 1-қаңтарынан ғана құйыла бастайды. Ал, Еуро-4 сапасындағы бензин 2016 жылы ғана қолданылады. Демек, ол күнге дейін салыстырмалы түрде жаңа көліктер сапасы жағынан бір саты төмен бензинмен жүретін болады. |
Количество показов: 2215
Дата создания: 09.08.2013 18:45:58