Базарларда отшашуларды сату тыйылмай тұр
Отшашуларды сатуға тыйым салынады деген полицияның ескертуі саудагерлерге тоқтам болып тұрған жоқ. Бес күннің ішінде орталық базардағы сауда сөрелерінен пиротехниканың мыңнан астам данасы тәркіленді. Тәртіп сақшылары бүгін де рейдке шықты. Полиция қызметкерлерінің бұлайша базар аралауына негіз бар. Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын астыртын отшашу сататындар көп. Алматыдан әкелінетін қытайлық от шашқыш заттарды саудагерлер бізге жалған сапа құжатын көрсетіп, сатып жатыр дейді қалалық ішкі істер басқармасының инспекторы Еркетай Чукберов. Рейдтің бесінші күні бүгін. Нәтиже жоқ емес. Орталық базарда сөре астына тығып қойып, отшашу сатқан үш адам анықталды. Мыңнан астам пиротехника полицияның қолына кетті. Ал, тыйымға құлақ аспаған саудагерлердің үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, әдетте, сатушылар тәртіп сақшыларын алыстан көріп, тауарларын тыға қояды. Бүгін де "Алтай" базарында ашықтан-ашық отшашу сатқан саудагерді полиция да, біз де байқамадық. Базарларда, көшелерде отшашу сату әкімшілік кодекспен жазаланады. Тауардың тәркіленуі өз алдына, саудагер кемінде 16 мың теңгеден қағылады. Ал, бас амандығын ойлайтын ақтөбеліктер пиротехниканы көлденең көк аттыдан емес, арнайы дүкендерден сатып алғаны абзал. Пиротехниканың заңсыз саудасын қадағалау біздің қалада әлі 10 күн жалғасады. |
Количество показов: 2423
Дата создания: 24.12.2012 19:15:57