Базарда жергілікті көкөністер сирек
Шілденің ортасы туса да, қала базарларында жергілікті көкөністер көп емес. Бақшадағы өнімді әкеліп сататындар мұны жаздың салқындығымен байланыстырады. Ал, барының бағасы оңтүстіктен келетін көкөністің қақымен бірдей. Есет батыр көшесіндегі коммуналдық шағын базарда төрт-бес саудагердің төбесі көрінеді. Сөрелерде көкөністер самсап тұр. Оңтүстіктен жеткізілген бұрыш, сәбіз, пияз, қырыққабат, жемістерден: шабдалы мен өріктің халық молынан алатын шағы қазір. Орталық базарды алыс көріп қажет өнімді осы жерден сатып алып жүрген тұрғындар аз емес. Саудагер Қайыржан Кенжебаевтың сөресіндегі картоп Ресейдің Астрахань облысынан жеткізілген. Қияр мен қызанақты сатушы Ақтөбе су қоймасы маңындағы бақшада өсірдім дейді. Қалғаны - оңтүстіктің өнімдері. Ақтөбелік зейнеткер Рая апайдың ескі ет комбинаты ауданында саяжайы бар. Жаз бойы күтіп-баптаған бақшасы алғашқы өнім беріп, қария соны сатып жатыр. Жаңа қазылған картоптың келісін - 150-200 теңгеден, анис сұрыпты алманың келісін - 100 теңге, жас қызылшаның данасын - 40 теңгеден өткізуде. Зейнеткердің айтуынша, қызанақ пен қиярдың түсімі биыл мол емес. Қарияның жорамалы рас болса, ақтөбеліктердің тағы да сырттан әкелінетін қымбат көкөністерді алмасына шара жоқ. Өйткені, қияр мен қызанаққа сұранысты қанағаттандыру үшін Ақтөбеде ашылған жылыжайлардың өнімдері экспортқа кетіп жатыр. |
Количество показов: 2000
Дата создания: 17.07.2013 18:33:25