Баукеспе қыздар көбейді
Полицияның мәліметінше былтырмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс біршама азайды. Алайда ювеналды сот өкілдері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер керісінше көбейді деп отыр. Бүгін жасөспірімдер қолымен жасалатын қылмыстардың алдын - алуға арналған жиын өтті. Өзгенің мүлкін жымқыру жасөспірімдер арасында кеңінен белең алып барады. Тек ер балалар емес, кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың да қолының сұғанағы бар дейді құқық қорғаушылар. Олар ұялы телефон, алтын сырғаларды ұрлап қылмысқа барады. Ал ер балалардың арасында алаяқ, дүкендерді тонауға әуес баукеспелер жетеді. Дерекке сүйенсек, әсіресе Алға, Байғанин, Мәртөк жасөспірімдері осындай қылмыстардан алдына жан салмайды. Ювеналды сот қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық,азаматтық, әкімшілік істер көп қаралуда. Былтыр алты ай ішінде кәмелетке толмағандарға байланысты 53 қылмыстық іс тіркелген, ал биыл 76. Тонау көрсеткіші 149 болса, биыл 242- ге жеткен. Ал облыстық ІІД ювенальды полиция өкілдерінің дерегі бойынша жасөспірімдер қылмысы 32 пайызға төмендеген. Құқық қорғаушылар мен сот келтірген статистикалық деректер неліктен екі түрлі? Бүгін дөңгелек үстел басына жиналғандар осы мәселені жіліктеп, талқыға салды. Сондай - ақ жеткіншектер арасындағы қылмыстың алдын - алуға күш біріктірудің қажеттігін тағы бір мәрте ескеріп өтті. |
Количество показов: 2037
Дата создания: 30.09.2013 18:43:27