Баспанасы өртеніп кеткен отбасыға көмек көрсетілді
Баспанасы өртеніп кеткен Пригородный-2 ауылының тұрғыны Амантай Абдуллиннің отбасына көмек қолын созып жатқандар бар. Бүгін "Қызыл Ай" қоғамы Ақтөбе филиалының өкілдері мұқтаж шаңыраққа төсек- орындар, жуынатын заттар табыстады. Осыдан екі апта бұрын Пригородный -2 ауылында тұратын Абдуллиндер отбасы қайғылы жағдайға тап болды. Тілсіз жау баспаналарын күлге айналдырды. Өрт көршілері Қоңырбаевтардың салғырттығынан шықты деп есептейді. Жанұя мүшелері дін аман. Тек құжаттарын алып үлгерген олар күздің қара суығында қаңғып қалды. Өртеніп кеткен 90 шаршы метр үй былтыр ғана несиеге алынған ақшаға жаңартылған еді. Төтенше оқиғадан соң жергілікті серіктестіктердің бірі далада қалған шаңыраққа уақытша паналайтын жер тауып берген. Ауыл тұрғындары, шағын мекемелер тарапынан қолқайырымын жасаушылар бар. Зардап шеккен отбасы иесі Амантай Абдуллинің айтуынша, ақшалай қолдау көрсетіп, киім- кешектерін жеткізіп берген қайырымды жандар аз емес. Прокурорлар мен ауыл тұрғындары алғашқылардың бірі. Өрттен аман қалған жанұяға қала әкімдігі 100 мың теңге бөлеміз деп уәде еткен. Отағасы қыс басталмай шағын баспана салуға әрекет етпек. Алайда жиналған 600 мың теңге қаражат құрылыс материалдарын сатып алуға да жетпей отыр. |
Количество показов: 1971
Дата создания: 12.09.2013 18:23:15