Бас даңғылдағы кәріз коллекторы тек бір айдан соң іске қосылады
Ақтөбе тозығы жеткен кәріз құбырларының азабын тарта бермек. Бас даңғылдағы кәріз коллекторын жөндеу жұмыстары әлі бір айға созылады. Бұл туралы бүгін "Ақбұлақ" АҚ президенті Асан Ибраев мәлімдеді. Бір апта бұрын су таратушылардың 3-4 күннің ішінде бәрін қалыпқа келтіреміз деген уәдесі құрғақ сөз болып шықты. Қызмет ету мерзімі 40 жылдан асып кеткен кәріз коллекторын жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Араға уақыт салып сыр беретін кәріз коллекторының жырымен жақсы таныс Ибраев биыл жөндеудің еуропалық тәсіліне көштік деп отыр. Кәсіби тілде "құбырдағы шұлық" деп аталатын әдістің ерекшелігі- асфальттың астан-кестеңін шығармай, астындағы коллекторды іске қосу екен. Алайда, біздегі қондырғының жарамсыздығынан жер опырылып, автокөлік жолының бір бөлігін бәрібір жабуға тура келді. Қала бойынша "Ақбұлаққа" қарасты 406 шақырымдық кәріз коллекторы, 35 компрессорлық-сорғылық бекет бар. Бүгінде солардың 70 пайызы-жарамсыз күйде. Өткен жылы аталған аумақтағы кәріз коллекторын жөндеу үшін құны 147 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленген. Қазір жөндеу жұмыстарын тендерді ұтып алған алматылық "Айджи" ЖШС жүргізіп жатыр. Демек, көлік тізгіндегендер мен жаяу жүргішілерге әлі біраз уақыт жол бойындағы келеңсіздіктерге шыдауға тура келеді. |
Количество показов: 2680
Дата создания: 27.08.2012 18:39:33