Балалардың шығармашылық орталығы суға кетті
Ауа райының тосын мінезіне кейбір тиісті мекемелер дайын болмай шықты. Толассыз жауған қар аралас жаңбырдың кесірін бүгін балалар тартты. Қалалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығына келген кішкентайлар үйлеріне есік алдындағы суды кешіп қайтты. Орталықтың басшылығы да, ата-аналар да шағымдарын кімге жеткізерлерін білмей дал. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығына келетін бұл балалар бүгін әбден жаурады. Үйірмелері біткенімен, үйлеріне жете алмай әлек. Есіктің алды- тізеден асатын су. Резеңке етіктері барларының өзі әрең өтіп жатыр. Балалар толарсақтан су кешіп жүр. Ата-анасын күтпей, салқын суды бәтеңкесімен кешіп өтіп жатқандар да бар. Шығармашылық орталығына 2000-ға жуық бала келеді. Жас ерекшеліктері де әртүрлі. Төрт жастағы баладан 18 жастағы жасөпірімге дейін үйірмеге қатысып жүр. Ересектерінен гөрі ата-аналар кішкентайлары үшін алаңдаулы. Себебі, жаяу жүргінші былай тұрмақ, ғимаратқа көлікпен жақындаудың өзі мүмкін емес. Алтынсарин мен Жанқожа батыр көшелерінің қиылысында орналасқан ғимараттың жаңбыр толассыз жауған күні осылай берекесі қашады. Жол жөндеу жұмыстары кезінде бұл жер адам аяқ алып жүргісіз. Соңғы құбыр алмастыру кезінде қазылған жер шала-пұла көміліп, бұрынғы асфальттың ізі де қалмады. Кешеден бері толассыз жауған жауыннан кейін Жанқожа батыр көшесі ми батпақтың ортасында тұр. Жаяу жүргінші жолының өзін су басып қалған. Бүгін бала тұрмақ, ересектердің өзі суды айналып өте алмасын біліп, қоршаулардан секіріп әлекке түсті. |
Количество показов: 2186
Дата создания: 23.10.2013 19:11:56