Балабақшаға жолдама алу үшін жанжал шықты
Үш - төрт жыл бұрын балабақша кезегіне тіркелгендер енді жолдама алу үшін қалалық білім бөлімінің табалдырығын тоздырып жүр. Аптаның тек бейсенбісінде ғана шыдамы жеткен ата - аналар өз шаруаларын тындыра алады. Қалалық білім бөлімі бастығының қабылдау күнін күтетіндер тым көп. Кезек тәртібіне бағынбағандардың кесірінен бүгін ашулы халықтың арасында жанжал шықты. Балабақшаға жолдама алу үшін таңнан кезекте тұрған ата- аналар арасында бүгін жанжал шықты. Даудың басы- кезексіз шаруасын тындырмақ болған азаматшаның әрекеті. Бүлдіршіндерін соңынан ертіп келген тұрғындар қалалық білім бөлімінің бастығы Ләззат Оразбаеваның қабылдауын таңғы жетіден бастап күткен. Шенеунік жиналғандарды тек күндізгі 11- ге таман қабылдай бастады. Көпшілігінің балалары төртке толып кеткен. Екі жылдан соң мектепке баруы тиіс. Ал кейбірі бүлдіршіндерін бір мектепке дейінгі ұйымнан екіншісіне ауыстыру үшін келіпті. Отбасылық жағдайына байланысты балабақшаның үйіне жақын болуын қалайтындар көп. Мәселенің түп - төркіні балабақша тапшылығы дейді тұрғындар. Қалалық әкімдікте болған жиыннан босай алмаған қалалық білім бөлімі бастығының кешігуі жағдайды ушықтырып жіберді. Бүгін түске дейін келіп, кезекке тұрғандардың қатары алпысқа жетіп қалды. Бір өзі осынша адамды есік алдына қаңтарып қойған кінәлі шенеунік түскі астан бас тартуға келісті. Биылғы ақпанға дейінгі мәліметке сүйенер болсақ, облыста 28 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Оның 24 мыңы - қалада. |
Количество показов: 2181
Дата создания: 11.04.2013 18:58:33