Балғын бишілер «Би әлемінде»
29-сәуір - Халықаралық би күніне орай бүгін облыстың үздік би ұжымдары арасында "Би әлемінде" байқауы өтті. "Геолог" мәдениет үйінде ұйымдастырылған фестивальда қала және аудандардан келген 15 би тобы өнер жарыстырды. "Салтанат" би ұжымының кіші тобы сахнаға шығар алдында би қимылдарын қайталап жатыр. Шалқарлық өнерпаздар байқауға екі би: "Гүлдер" мен "Қамажайды" дайындап әкелген. Ұжымның белді мүшесі, талдырмаштай Айсая Жаңажанқызы екі жылдан бері би үйірмесіне қатысып, өнердің ең көркем саналатын түрін біраз меңгеріп алған. Тоғыз жастағы қыз балғындығына қарамай, бидің мәнін ұғынуға тырысады. Байқау шарттары бойынша, ұжымдардың әрқайсысы екі түрлі би көрсетуі тиіс. Тақырыпқа да, жанрға да шектеу жоқ. Кіші және ересек топтары жеке-жеке сынға түседі. Бүлдіршіндердің өнеріне атақты биші Шара Жиенқұлованың шәкірті Гүлжан Сағынова, "Искорки" би тобының хореографы, елге белгілі маман Константин Фролов төрелік етті. Осы талаптарды мүлтіксіз орындаған өнер ұжымдары жас санаттарына қарай "Би әлемінде" байқауының Бас жүлдесін алады. |
Количество показов: 3717
Дата создания: 26.04.2013 17:50:19