Бадамша ауылдық округінің әкімі 25 жаста
Бадамша ауылдық округінің әкімі Асылбек Шүйіншалин облыстағы ең жас әкім атанды. 25 жастағы шенеунік кешегі сайлауларда жеңіске жеткен. 7-тамызда біздің аймақта барлығы 149 әкім сайланды. Науқанның қорытындысын бүгін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы жария етті. Аудандық маңыздағы қалалар, ауыл мен ауылдық округтердің әкімдері біздің елде алғаш рет сайлау арқылы анықталды. Тек ауылдың басшысын халық емес, халықтың атынан депутаттар таңдады. Облыстағы 168 депутат кеше өздеріне берілген өкілетті пайдаланып, құпия дауыс беру әдісімен 149 адамды әкім етіп сайлады. 142 әкім ауылдарды және жетеуі Алға, Қандыағаш, Ембі, Жем, Темір, Хромтау, Шалқар қалаларын басқаратын болды. 48-і әкім қызметіне жаңадан отырды. Сайлауға 431 үміткер түскен. Көбінде бір орынға 2-3 кандидаттан. Тек Әйтеке би ауданындағы Қызылжұлдыз ауылы мен Ембі қаласы әкімі қызметіне төрт адам таласқан. Сайланған әкімдердің барлығы да талапқа сай: жоғары білімді, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар. Салыстырмалы түрде жас әкімдер Қарғалы ауданында. Орташа жасы - 37. Ал, өмірден көрген, түйгені көп, орта жасы 51-ді құраған басшылар Байғанин ауданында сайланды. Бүгін жаңа әкімдер аумақтық сайлау комиссияларына әкім ретінде тіркелді. Олар әкімдік қызметін 4 жыл атқарады. Ал, осы мерзім ішінде жұмыстан кетсе, орнына басқа әкім тағы да сайлау арқылы іріктеледі. |
Количество показов: 2417
Дата создания: 08.08.2013 19:34:07