Бұрынғы "Дүние" институтынан С.Бәйішев университетіне 150 студент ауысты
Қалада жоғары оқу орнының саны біреуге азайды. "Дүние" әлеуметтік-техникалық институты биылғы оқу жылынан бастап қызметін тоқтатты. Ал онда оқыған студенттер мен оқытушылар құрамы С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне ауысты. Дүниенің ғимараты да материалдық-техникалық базасымен толықтай Бәйішев университетінің қол астына өтті. Бұрынғы "Дүние" институтынан Бәйішев университетіне бүгінге дейін барлығы 150 студент ауысқан. Оқытушылар құрамы да бірте-бірте өздеріне осы жерде жұмыс тауып, орналасып жатыр. "Дүниенің" 2100 шаршы метрлік ғимаратына бұдан былай Бәйішев университеті иелік етеді. Бұдан бөтен оқу орнының 20 мың шаршы метрлік өз ғимараты бар. Екі оқу орнының студенттеріне бұл тарлық қылмайды деген сенімде басшылығы. Бәйішевтің 300 орындық жатақханасы шалғайдан келіп білім алып жатқан студенттерді 100 пайыз жатын орынмен қамтуға қауқарлы. С. Бәйішев атындағы университетте биыл геология, педагогика-психология, агрономия, ветеринария секілді жаңа мамандықтар пайда болды. Оқу ақысы мұнда орташа есеппен 170-200 мың теңгенің шамасында. 1-курстың 5 студенті грант бойынша оқып жатыр. |
Количество показов: 4177
Дата создания: 04.09.2012 19:18:27