"Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз" атты облыстық байқау аяқталды
Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз! Осындай атпен алғаш рет өткізілген республикалық сайыстың облыстық кезеңі бүгін мәресіне жетті. 108 мүмкіндігі шектелген жанның басын қосқан сайыс қатысушыларының барлығы сыйлықсыз қалмады. Ал, 10 номинацияның жеңімпаздары қомақты қаржымен марапатталды. Қаладағы мүмкіндігі шектелген өнерпаздардың басын қосқан республикалық сайыс биыл алғаш рет өткізіліп тұр. "Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз" деп аталған байқауға 108 бала қатысыпты. Шетінен өнерлі. Қол арбада отырғандарына қаймықпай ән салуда. Би номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алған "Жалын" халықтық би ансамблі бұдан бұрын да талай биіктен көрініп жүр. Көркемдік жетекшісі - Майра Үмбетованың айтуынша, репертуарларында әзірге 60-қа жуық туынды бар. Қазақ, орыс, украин, әзірбайжан, корей халықтарының ұлттық билерін сүйіп орындайды. Өнер ұжымы еліміздің ірі қалаларын аралап қайтқан. Бүгін бірінші орынды олжалап, 100 мың теңгені қанжығаларына байлады. Байқау 10 номинация бойынша ең үздіктерді таңдады. Ұйымшыл отбасы мен белсенді студенттер анықталды. Байқаудың көздегені- жарымжан жандардың жігерін жану. Өмірге деген сүйіспеншілігін арттыру. Байқаудың қорытындысы бойынша Темірбек Матаев «Үздік студент» деп танылып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Гала концертті тамашалауға келген облыстық мәслихаттың хатшысы Сания Қалдығұлова "мүмкіндігі шектеулі адамдардың таланты мен дарынын танытуға, жасампаздығын, шығармашылығын дамытуға, өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін республикалық байқаудың маңызы ерекше" деген жүрекжарды лебізін білдірді. Соңында ең үздік спортшы мен үздік би тобы, әнші, ең үздік отбасы, ақылды, үздік студенттерге Астана қаласында қазан айында өтетін сайысқа жолдама берілді. |
Количество показов: 2780
Дата создания: 06.09.2013 18:45:26