Біріккен астық холдингінің көксегені-шаруаларды қолдау
Елде біріккен астық холдингі құрылды. Кез-келген қазақстандық шаруа, оның ішінде егіншілікпен айналысатын қожалықтар холдингке ерікті түрде қосыла алады. Жаңадан құрылған одақтың қарапайым шаруалар үшін қандай пайдасы бар? Холдингке кірудің талаптары қандай? Бүгін облыстық әкімдікте осы мәселелер ақтөбелік шаруаларға жан-жақты түсіндірілді. Елде бірыңғай астық холдингін құру керектігін елбасы былтыр халыққа жолдауы кезінде айтқан болатын. Осы жылы маусымның 21-де "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" акционерлік қоғамы мен "Қазақстан фермерлер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі қосылып, жаңа одақтың құрылғаны жөнінде шарт жасасты. Холдинг құрамына елдегі кез-келген ниет білдірген шаруа кіре алады. Холдингке мүшеліктен қарапайым шаруа не ұтады? "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жәлелиден Смағұловтың айтуынша, біріншіден, астық өндірушілер көктемгі егіс және күзгі жиын-терін кезінде қаржылық қолдауға ие болады. Екіншіден, күзгі кезеңде жинаған астығын қайда сатамын деп бас қатырмайды. Және үшіншіден, Азық-түлік келісім шарт корпорациясының қызметінен түскен таза кірісті астық өндірушілер кейін өзара бөліп алады. Ақтөбелік шаруалардың бірі мұны астық нарығын монополиялау деп түсінді. Бірыңғай астық холдингі жанында Қоғамдық кеңес бар. Оның мүшелері егін егу-жинау науқандарында шаруаларға қанша несие бөлу керектігін, кімге қандай мөлшерде қаржылай көмек беру қажеттігін шешеді. Сатып алынатын астықтың көлемі мен бағасын, астықты сату бағасын анықтау да міндетті түрде Қоғамдық кеңеспен келісіледі. Бүгінгі жиында сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржылық сауықтыру мәселесі де сөз болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Есет Сартаевтың айтуынша, қарыз батпағында қалған қожалықтар үшін үкімет тағы да көмек қолын созбақ. Нақты айтқанда, шаруаларға банктер арқылы төмендетілген пайызбен, әрі ұзақ жылға несие беру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Астық өндірушілердің қайсыбір қиындықтарын бірлесе шешу үшін құрылған бірыңғай астық холдингі қаншалықты нәтижелі жұмыс жасайтынын уақыт көрсетеді. Холдинг мүшелері әзірге астық өндірушілерді бір одақтың астына жинаумен айналысып жатыр. |
Количество показов: 2032
Дата создания: 12.08.2013 19:04:57