Білім министрі "Шаңырақ" мектебіндегі даудан хабардар
Ақтөбеге бүгін Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бастаған республикалық ақпараттық-насихат тобы келді. Құрамында Астанадағы мемлекеттік мекемелердің басшылары бар делегация тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізді. Алдымен министр Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінде студенттер және оқытушылармен кездесті. Министр оқу орнының тыныс- тіршілігімен танысқан бойда биылғы оқу жылында елімізде оқулықпен қамту 99 пайызға орындалды деген деректі таратты. Ал, бұл көрсеткіш ата-аналар үлесімен орындалды ма, әлде мемлекет есебінен берілді ме ол жағы нақтыланбады. Өңірге ат басын бұрған министрдің жұмыс сапары негізінен "Қазақстан - 2050: стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты" атты президенттің жолдауын насихаттап, түсіндіруге бағытталған. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен орта мектептердің ахуалын біліп қайту. Білім саласының мәселелері көтеріліп болған соң, кездесу өзге де тақырыптар бойынша жалғасты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" көлік дәлізінің 620 шақырымы біздің өңірмен өтеді. Халықаралық маңызы бар жолдың құрылысы толықтай биыл аяқталмақ. Жол бойындағы Ырғыз ауданында жолаушыларға қызмет көрсететін асхана, жөндеу шеберханалары секілді 11 нысан бой көтермек. Аудан мен ауыл мәселелеріне ойысқан облыс әкімі министрге өңірде орта білім беру саласы бойынша ауылдық мектептер қанағаттанарлық көрсеткіште екендігін баяндады. Айта кетелік, еліміздің бас мұғалімі кеше ғана ақтөбеліктерді шулатқан қаладағы жеке меншік мектептердің бірінің басшысының 11 түлекке мектеп бітіргендігі жөнінде заңсыз куәлік берді деп айыпталғаны туралы ақпардан хабардар болып шықты. Бұл мәселе бойынша министр арнайы құрылған тексеру комиссиясы жұмыс істеп жатқанын жеткізді. |
Количество показов: 1970
Дата создания: 27.09.2013 19:00:21