Әбілқайыр хан даңғылында ер азамат өзін өзі өлтірмек болды
Бүгін қаланың қақ ортасында орналасқан бизнес орталығының үшінші қабатынан ер адам өзін тастап жібермек болды. Бір сағат бойы құтқарушылар мен дәрігерлерді, полицейлерді аяғынан тік тұрғызған оқиға сағат түскі бір шамасында орын алды. Аты-жөні анықталып жатқан ер адам жедел топтың көмегімен құтқарылды. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Тал түсте өз өмірін қимақшы болған мына азаматтың жасы 41-де. Қайда тұратыны, не кәсіппен айналысатыны әзірге белгісіз. Анықталғаны 29 жастағы досын таяққа жыққан. Ауыр соққы алған танысы бұдан бірнеше күн бұрын облыстық медициналық жедел жәрдем ауруханасының төсегіне таңылған. Осы қылығына өкінген 41 жастағы азамат Әбілқайыр хан даңғылындағы "Мир" бизнес орталығының қосалқы баспалдағының жоғарысынан секірмек болыпты. Жиналған халықтың алдында бау-бақша жұмысына қолданылатын шағын құралмен басын ұрғылады. Психологтың айтуынша, тілдесу кезінде ер адам өзінің баласы, туған-туыстары жоқ екендігін айтқан. Құтқарушыларға бірнеше рет "өмір сүргім" келмейді деп қайталаған. Дегенмен, өзін жоғарыдан тастап жібергісі келген ойы жүзеге аспады. Құтқарылған азаматты сол сәтте жедел жәрдем ауруханаға әкетті. Денсаулығы түзелгесін оқиғаның мән-жайы анықталатын болады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының мәліметінше, 2012 жылы суицид оқиғаларына байланысты шақыртулар түспеген. Есесіне, құтқарушылар жол-көлік оқиғаларынан зардап шегушілер мен үйде қамалып қалғандарға көмек көрсеткен. |
Количество показов: 2100
Дата создания: 11.04.2013 19:00:04