Бүгін құтқарушылар күні
19 қазан - құтқарушылар күні. Бүгін осыған орай Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда мерекелік шара өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов құттықтады. Үздік құтқарушылардың еңбегі еленді. Әскербек Құлбарақов - қаладағы №1 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі. Осы салада 2006 жылдан бері еңбек етеді. Тілсіз жаумен арпалысып жүр, адамдарды ажал аузынан алып қалған сәттері де аз емес. Ол ерлігін басшылық та ескерді. "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Әр өңірдегі департаменттерде жедел құтқару жасағы , өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Облыстық судан құтқару қызметінде 45 құтқарушы сапта. Мамандардың аздығы әсіресе, жазғы суға түсу маусымы басталғанда анық байқалады. Судан құтқарушылар биыл 75 адамды аман алып қалды. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты, әрі кәсіби маман болу-жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді. Жыл басынан бері құтқару жасақтары түрлі апаттардан 295 адамды құтқарды. 130 адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Болашақта жол бойында үш бірдей апаттық медицина бекетін ашу жоспарланып отыр. Бүгін қала тұрғындары филармония ғимаратының алдында ұйымдастырылған көрмені тамашалауға мүмкіндік алды. Көрмеге құтқару техникалары мен жабдықтар қойылған. |
Количество показов: 3365
Дата создания: 18.10.2013 18:24:01