Бүгін Ораза айт басталды
Бүгін барлық мұсылман үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Таңертең айт намазына үлгеруге асыққан ақтөбелік жамағат "Нұр Ғасыр" орталық мешітіне қарай ағылды. Жиналған жұртты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады. Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Барша мұсылман Аллаһ Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Бүгін де "Нұр Ғасыр" мешітіне келушілердің санында шек жоқ. Мешітте ине шаншар орын болмады. Жиналған жамағатты облыс және шаһар басшылары құттықтады. Айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе "мереке", "мейрам" деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады. Рамазан - береке мен бірлік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Арада қаншама ғасыр өтсе де бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі ерекшеліктері - адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді. |
Количество показов: 2364
Дата создания: 08.08.2013 19:35:00