Бүгін - Қазақстанның судан құтқару қызметі құрылған күн
Біреу үшін бастарын қатерге тігетін адамдар. Бүгін - Қазақстанның судан құтқару қызметі құрылған күн. Сүңгуірлер мереке деп су маңайынан кеткен емес. Шомылу маусымының бел ортасында ақтөбелік құтқарушылар қызметте, күнделікті кезекшілікте жүр. Құтқарушы Серік Жұмағазин күніне бірнеше рет су бетіне шығып, Ақтөбе су қоймасын шарлайды. Жүзіп жүріп, рұқсат етілген аумақтан асып кеткен адам болса, ескерту жасап, қауіпсіз жерге қайтарады. Әлі біткендерін, қайыққа салып жағаға әкеледі. Халық арасында Ақтөбе теңізі аталып кеткен тоғанның жағасында тынығушылар бүгін біршама. Демек, қырағылық таныту керек. Сегіз жылдық қызметінің ішінде Серік ішімдік ішіп, теңіз кешуге дайын тұратын талай "батырды" көрген. Талайын құтқарып та алған. Бірақ, сүңгуірлікті кәсіп емес, өмірдің қажеттілігі деп түсінетін маман ерлік жасадым деп мақтанып көрген емес. Судағы құтқарушының ақтөбеліктер жағажайда тынығу мәдениетін үйренсе екен деген тілегі бар. Облыстың суда құтқару қызметінде қазір 45 адам еңбек етеді. Оның 12-і ғана сүңгуір. Саусақпен санарлық маманның бүкіл облысқа жетпейтіні анық. Адам аз болса да, судағы құтқарушылар өз міндеттерін барынша адал атқаруға тырысады. Әсіресе, жаз мезгілінде қызмет қауырт. Осы жыл басталғалы облыста 5 адам суға кеткен. Қайғылы жағдай қайталанбасын деп, құтарушылар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертуден жалықпайды. Бүгін, кәсіби мереке күнінде де сүңгуірлер су астында. Шомылу маусымы қызған шақта ақтөбелік құтқарушылар мейрамханада тойлатып жатқан жоқ. Қызметте, күнделікті кезекшілікте халықтың қауіпсіздігін қадағалап жүр. |
Количество показов: 2528
Дата создания: 11.07.2013 18:56:55