Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ерлігі ескірмейді
Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ерлігі ескірмейді. Облыстық "Қос шынар" қайырымдылық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес осындай пікір білдірді. Батырдың өмірін біраз жылдан бері зерттеп жүрген ақсақал "Молдағұлованың сүйегі Монакова елді-мекеніне қайта жерленді" деген дәлел келтірді. Псков облысында Монакова деген үлкен қорған бар. Казачиха деревнясы сол қорғанның жанында тұр. Сол жерде 1944 жылы екі жақтан 50 мыңдай адам қырылған үш күннің ішінде. Әлия ұрыс кезінде майдан даласындағы жауынгерлерді ұрысқа көтереді. Үшінші рет 14 қаңтар күні осы Казачихада. Себебі, ұрыс үстінде командирі оққа ұшады. Оңтайлы жерге бекіп алған дұшпан биіктен оқ жаудырып, беттетпейді. Жауынгерлер бас көтермей, жер бауырлап жатып қалады. Осы кезде Әлия «Алға! Отан үшін!» деп ұрандап, жауынгерлерді шабуылға шақырып, омырауын оққа тосып, ілгері жүгіреді. Сөйтіп, Казачиха тұсындағы блиндажды немістерден босатады. Сол жерде қатты жаралы болады. Кеңестік деректер бойынша, батыр қыз осы ұрыс үстінде қаза болды деп жазылып келгені белгілі. Ал, Әлиямен бірге болған мерген Зинаида Полякова басқаша деректер берген. Онда әлгі ұрыста батыр қыздың ауыр жаралы болғанын, Зинаида күйеуі Поляков және майдандас құрбысы Матвеева үшеуі плащ палаткаға салып, сол кезде уақытша лазарет ретінде жұмыс істейтін сарайға апарып, қайтып келе жатқанында әлгі сарайға бомба түсіп, Әлияның сол жерде қаза болғанын баяндайды. Жерлеуге Бойков деген сол деревняда тұратын азаматтың қатысқанын жазады. Сонда ол кісі «кішкентай ғана, шашы қара, нәзік қыз екен. Өзімнің алма бағымның ішіне жерледім»,- деген. Осы жерден 1965 жылы батыр қыздың мүрдесі Монаково биігіндегі, елу мың жауынгер қаза болған Бауырластар зиратына қайта жерленеді. Батырдың дәл қайда жерленгенін анықтау үшін Павлодар қаласындағы іздеу отряды арнайы комиссия құруға бастама көтеріп отыр. "Майдан жолаы" жасағын құрған Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Жұмабек Қамзин мәжіліске хат жолдады. Ол қисынсыз әңгіме бойынша тексеру жүргізіп, мәселені екі елдің деңгейінде шешуді ұсынды. Қажет болса жасақ көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. |
Количество показов: 5512
Дата создания: 04.04.2013 19:23:19