Қазақстанның үздік тауарлары таңдалды
"Ақтөбе мыс компаниясы", "Алина-Трейд" ЖШС-і және Ақтөбе нан комбинатының өнімдері "Қазақстанның үздік тауары" атағына лайықты деп танылды. Ең үздік тауарларды анықтайтын өңірлік көрме-байқау бүгін Достық үйінде өтті. Полимерлі-композитті материалдан құдықтар мен құдық қақпақтарын жасайтын "Тенуса" компаниясы бұл байқау-көрмеге өз өнімдерін алғаш рет шығарды. Былтыр қараша айында іске қосылған зауыт бүгінге дейін 7 мың қақпақ пен 4 мыңға жуық құдық сақиналарын сатқан. Тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып жатқан аймақта бұл өнімге сұраныс үлкен. Полимерлі құдықтар мен қақпақтар "Нұр Ақтөбе" ауданындағы құрылысқа пайдаланылмақ. Біздің облыстың сұранысын толықтай қанағаттандырған зауыт енді ел нарығына шығуды көздеп отыр. "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрмесінде "Ізет Грин-хаус", "Полимермұнайгаз, "Ақтөбе мыс компаниясы", "Айс" секілді 20 шақты кәсіпорын өз тауарларын көпшілікке ұсынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков бастаған сарапшылар тобы көрмені аралап, тауарлармен жеке-жеке танысты. Жеңімпаздар "Өндірістік мақсаттағы үздік тауар", "халық тұтынатын тауар" және "үздік азық-түлік тауары" атты үш аталымда таңдалды. Осылайша, "Ақтөбе мыс компаниясының" өнімдері өндірістік мақсаттағы үздік тауар болды. "Алина-Трейд" ЖШС-інің құрылысқа қажетті құрғақ қоспалары "халық тұтынатын тауар" аталымын алды. Ал "Ақтөбе нан" комбинатының нан пісірушілері әзірлеген өнімдер "үздік азық-түлік тауары" мәртебесін иеленді. Бұл тауарлар қараша айында Астанада өтетін республикалық "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауына қатысады. |
Количество показов: 5097
Дата создания: 26.07.2012 19:05:31