Аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернат жабылып қалды
Оқу жылының басталуына тура 11 күн қалғанда қаладағы жалғыз аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернат жабылып қалды. Білім ошағында 80-ге жуық ұстаз бен тәрбиеші еңбек етіп келген. Жұмыссыз қалған мұғалімдерге 2 айға ғана өтемақы төленіп, ертеңге дейін ғимаратты босату тапсырылыпты. Ашынған ұстаздар қалалық білім бөлімінен өздерін жұмысқа орналастыруды талап етті. Наразылыққа келген өзге ата-аналар мектеп- интернаттың жабылу себебін түсіндіруді сұрады. Әсіресе дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты осында көшіп келетініне наразылық білдіріп, есіктен кіргізбеуге бекінді. 80-ге жуық жұмысшы мен оқушылардың ата-аналары интернаттың директоры міндетін атқарушы Гүлжан Пірзадаевадан мекемені жабуға қатысты қаулыны түгел оқып беруді талап етті. Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, интернатта 77 мұғалім мен 6 тәрбиеші жұмыс істеп келген. 2003 жылы білім ордасы 208 балаға арнап ашылыпты. 10 жылдан бері бала саны азая берген. Сондықтан мамыр айынан бастап интернаттың жабылуы турасында әңгіме қозғалыпты. Еліміз бойынша аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернат тек үш қалада ғана бар. Бірі Алматыда, екіншісі Астана қаласында, үшіншісі- осы жабылғалы тұрған білім ордасы. Жанұялары толық емес, тұрмысы төмен ата-аналар қалалық әкімдік пен облыстық білім бөлімінің интернатты жабу туралы бұл шешімін түсінбей отыр. Жұмыссыз қалған ұстаздар мен мектепсіз қалған оқушылар қайда барады?! Облыстық білім бөлімінің дерегіне сай өңірде математика мен орыс тілінің маманына ғана сұраныс бар. Ал, педагог кадрлардың жетіспеушілігі кейбір аудан мен ауылдарда ғана сезіледі. |
Количество показов: 2411
Дата создания: 20.08.2013 18:32:31