Авторлық әндер фестивалі 200-ге тарта әуесқой әншінің басын қосты
Гитараға әуес ақтөбеліктер үшін өткен сенбі ұмытылмас күн болды. "Саяхат" жағажайында "Дала аккорды-2013" екінші туристік және авторлық әндері фестивалі өтті. 200-ге тарта әуесқой әнші мен мыңға тарта көрермен жиналған, халыққа жақын әндер айтылған шарада біздің тілшіміз болып қайтты.
Асылжан Теңелбаев - фестивальдің ең жас қатысушысы. Атасының жетелеуімен гитараны тоғыз жасында қолына алған жеткіншек "Анашым", "Асыл әжем", "Көзімнің қарасы" әндерін тәп-тәуір орындайды. Туристік және авторлық әндер фестивалінде Асылжан Дмитрий Сухаревтің "Екі әйел" әнін айтып, жастар арасында "Фестивальдің үміті" аталымы бойынша марапатталды. Ресей мен Қазақстанның бард әніне әуес әншілері бас қосатын "Дала аккорды-2013" фестивалі біздің қалада екінші жыл қатарынан өткізілді. Былтыр Сазды өзенінің жағасында шатыр тігіліп, алау жағылған. Биыл гитара мерекесі Ақтөбе су қоймасының жағасынан орын тапты. Үлкен сахна құрылып, көрер көзге қызық көбейді. Алматы, Байқоңыр, Павлодар, Орск, Орынбор, Новотроицк, Самара қалаларынан гитараларын арқалап әншілер жетті. Фестивальдің шымылдығы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібековтің орындауындағы әнмен ашылды. Билік бұл шараны туристік кластерді дамытудың бір тетігі ретінде қарастырып отырса, қарапайым халық үшін мәдени тынығудың таптырмас мүмкіндігі. Жағажайға демалуға келген қала тұрғындары жанға жақын әндерді бард-әншілермен қосылып, шырқап отырды. Қаланың қарбаласынан шаршаған, рухани азықты қажет еткен ақтөбеліктер бір демалып қалды сол күні. Ал, авторлық әндерді орындаушылар келесі жылғы фестивальде жаңа әндермен кездесуге уәделесті.
|
Количество показов: 2948
Дата создания: 19.08.2013 17:48:05