Автобуста қалтаға сақ болыңыз!
Қалада қалта ұрлығы көбейді. Төрт айдың ішінде полицияға қалтасындағы заты қолды болған 307 адам арызданған. Бұл жайтқа криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қатты алаңдаулы. Олар өз қалталарынан ақша жинап, 200 дана ескерту парақшасын жасатқан. Үгіт плакаттары бүгін қалта ұрлығы жиі жасалатын автобустарға ілінді. Қалалық ішкі істер басқармасының аға жедел уәкілі Мейрамберген Махметбайдың айтуынша, қолының сұғанағы барлар үшін халық көп шоғырланатын сауда нысандарында, аялдамалар мен қоғамдық көліктерде әрекет ету ыңғайлы. Оңай ашылатын сөмкелер, жартылай ашық қалта, полиэтилен пакетке салынған құжаттар - ұрылардың жауы. Жымқырғыштар №8,11,22,24 және 26-шы бағыттардағы қоғамдық көліктерде көп кездеседі. Жолаушылардың осы автобустарда жеке заттарына мұқият болғандары жөн. Бүгінге дейін сөмкелер мен қалталарды үптеп жүрген 20 шақты адам ұсталған. Заңға сәйкес, мұндай ұрылар 1,5-2 жылға сотталуы тиіс. Алайда, іс сотқа жетпей, тараптар өзара келісіп, тарқасады. Ал, ұры баяғы кәсібін жалғастырады. Қалта ұрыларына қалайда тосқауыл болу үшін, ал тұрғындардың қырағылығын ояту мақсатында полицейлер қоғамдық көліктерге ескерту парақшаларын ілуді жөн көрген. Олар бүгін "Спутник" аялдамасына келіп, ұрлық жиі жасалатын №26 жолаушылар автобустарының ішіне үгіт плакаттарын іліп шықты. |
Количество показов: 2550
Дата создания: 30.04.2013 18:15:48