Ауыл әкімдерін сайлауға 30 млн теңге бөлінді
Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс он үшінші сессиясы өтті. Бұл басқосуда көтерілген басты мәселе ол ауыл әкімдерін сайлауға қатысты. Биыл Ақтөбеде әкімдерді сайлау науқаны алғаш рет өткелі тұр. Ал бұл өз кезегінде белгілі бір мөлшерде қаражатты қажет етеді. Депутаттар осы мәселені бүгін бір жақты етті. Үстіміздегі жылдың тамыз айында өңірімізде аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдардың, сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Осы орайда шенеуніктер шараны өткізуге 30 млн. теңге керек деп шешкен. Бұл шешім халық қалаулылары тарапынан да қолдау тапты. Халық қалаулылары қарауына ұсынылған тағы бір мәселе - ол Темір ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына қатысты. ҚР қазіргі қолданыстағы заңнамаларында қалалық округ термині мүлде алынып тасталынған. Осыған сай бүгінгі басқосу барысында Темір қаласынан округ атауын алып тастау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ аталмыш шаһардан 18 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауылы да алдағы уақытта Темір қаласының әкімшілік-аумақтық құрамына кіретін болады. Осыдан біршама уақыт бұрын елбасымыз ауыл әкімдерінің құзіретін күшейтуге қатысты үкімет пен атқарушы билікке бірсыпыра тапсырмалар берген болатын. Соның бірі орталық аппарат құрамындағы бос штаттық бірліктерді ауыл әкімдігіне беру. Президенттің бұл тапсырмасы да бүгінгі отырыста оң шешім тапты. Осылайша облыстық деңгейдегі 25 қызметтік бірлік жақын күндері ауыл әкімдеріне берілетін болды. Депутаттық деңгейде шешімін тапқан тағы бір мәселе ол облыстық тексеру комиссиясының төрағасына қатысты. Осы қызметте біраз жыл отырған бұрынғы басшы орнынан босап, жаңа орынға Ақтөбенің қаржы басқармасын басқарған Сағат Еңсегенұлы жайғасты. |
Количество показов: 2147
Дата создания: 27.06.2013 18:44:26