Ауған соғысының ардагерлері Ақтөбеде бас қосты
Бүгін Ақтөбеде ауған соғысы ардагерлерінің 1-ші республикалық форумы өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген меймандар алдымен Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткішке тағзым етті. Кейін жиынды "Нұр Отан" партиясы ғимаратында жалғастырды. Ауған соғысының ардагерлері мұндай ауқымдағы форумда алғаш рет кездесіп тұр. Астанадан арнайы Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлов келді. Қазақстанның барлық өңірінен жиналған меймандар алдымен Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткішке барып, бір минут үнсіздікпен соғыстан оралмаған қаруластарын еске алды. Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтөбеде бас қосуының басты себебі - Елбасының 2050-жылға дейінгі стратегиясын насихаттау. Алайда, алыстан келген меймандар әр аймақтағы ұйымдардың облыстық әкімдіктермен байланысын талқылап, өз проблемаларымен де бөлісті. Мәселен, қазір Ақтөбе облысында 1 мың 30 ауған соғысының ардагері бар, бәрі коммуналдық төлемдерден толық босатылған. Бұндай көмек ел көлемінде тек бізде ғана. Азаматтық борышын Ауғанстанда өткерген жауынгерлер Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілсе, ақтөбеліктер секілді біртқатар жеңілдікке ие болар еді, деп есептейді "Алматы облысының ауған соғысы ардагерлері" ҚБ төрағасы Қайрат Жаңабаев. Жауынгерлер елдегі діни ахуалды тұрақтандыруға үлес қоспақ. Олар дін істері жөніндегі департаменттің мамандарымен бірлесіп, ауыл-аймақтарды араламақ ойда. Ауған жерінде болып, ондағы тұрмысты өз көздерімен көрген азаматтардың дін туралы жастарға айтары көп. "Нұр Отан" партиясы ғимаратында ақтөбелік жауынгер Серікбай Тұрлыбаевқа арналған кітаптың тұсаукесері өтті. 500 данамен шығарылған кітап Ауғанстанның Кунар провинциясында 18 жасында қаза болған жерлесіміздің ерлігі жайында. Хикаяның авторы - Серікбай Бекрахимов. Ал, жобаға "Ақтөбе облысының ауған соғысы ардагерлері" ҚБ төрағасы Аслан Балқасыновтың өзі жетекшілік еткен. Кітап облыстық әкімдіктің қаржылық қолдауымен басылып шығарылды. Келесі жылы Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толады. Форум қатысушылары бүгін осы датаға байланысты атқарылатын шаруалардың жоспарын жасап, бекітуі тиіс. |
Количество показов: 2706
Дата создания: 11.10.2013 18:34:48