Атышулы "Юнис сити" тұрғын үй кешеніне қатысты даудың кесірі жарымжан адамдарға да тиіп жатыр
Енді олар 25-ші мамырға дейін пәтерлерді босатулары керек. Гүлдәурен Құсайынова жалғызбасты ана. Бөгенбай батыр көшесіндегі №155-ші үйдің 2-ші ғимаратынан оған үйдің кезегі келгенде уақытша тұруға бір бөлмелі пәтер берілген. Бұл пәтерден қуылса, әйел баласымен далада қалады. Ал банк 1 бөлмелі пәтерді 4 миллион 800 мың теңгеге саудалап отыр. Гүлдәурен Құсайынованың қолында ондай ақша жоқ.
Қалалық әкімдік бұл үйге әлеуметтік осал топтағы 20 шақты отбасын уақытша қоныстандырған. Ал үйде әуел баста коммуникациялық желілер тартылмаған. Инфрақұрылымды пәтерлерге қоныстанғаннан кейін адамдардың өздері кіргізген. Қаланың бас сәулетшісі Сұлтан Аманшиннің сөзінше, екінші деңгейлі банктің тұрғындардан пәтерлерді босатуды талап етуі қисынсыз. Себебі заң бойынша құрылысы бітпеген үй қолдануға берілмейді, сатылмайды.
Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Әлімов болса, банкке қарсы уәж айтуға құқымыз жоқ, дейді. Бұл адамдарға пәтерлерді сатып алу ұсынылған. Онымен ешбірінің ондай мүмкіндігі жоқ. Мәселен, Гүлшара Қалыбекованың бір күндік табысы 2000 теңге. Сол табысына әупірімдеп жүріп, уақытша тұрып жатқан пәтерін жөндеген. Тұрғындар пәтерлерді қарызға алуға келісіп отыр. Ақшаны пайызсыз, бөліп қайтаруға әзір. Жергілікті биліктің мәселеге араласуын сұрайды.
Количество показов: 630
Дата создания: 21.04.2021 18:28:39