Қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеушілер арасында жаппай төбелес болды
Қаладан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Жем елді мекеніндегі қатаң тәртіптегі колонияда жаппай төбелес болды. Төтенше оқиға бүгін түнде орын алған. Төбелеске КА-168/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 50 шақты адам қатысқан. Бұл туралы қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Мейірболат Көпесов мәлімдеді. Зардап шеккендер бар. Оқиға орнында құзырлы орган өкілдері анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мекеме басшылығының тергеу-тексеру, анықтау жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын алға тартып, қандай да бір қосымша мәлімдеме жасағысы жоқ. Бір ескерерлігі, төтенше оқиға ғаламтордағы ақпарат беттеріне де жарияланды. Онда төбелеске жүздің үстінде сотталушы қатысты деп көрсетілген. Және мұндай ақпаратты жариялаушы сайт ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасайды. Медициналық көмек алып жатқан екі сотталушының бірінің денесі кескіленген. Бірі бас жарақатын алған. Бұл төбелесте тілу, кесу құралдары қолданылды деп айтуға негіз береді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардан қандай заттардың тәркіленгендігі де айтылмай отыр. Арты жаппай төбелеске ұласқан ұрыстың неден шыққанын да әзірге білу мүмкін емес. Оны ұйымдастырушылар анықталып жатыр. Қазір Жем елді мекеніндегі қатаң тәртіптегі колонияда Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 900-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олар орташа есеппен 15-20 жылға сотталғандар. |
Количество показов: 2040
Дата создания: 11.06.2013 18:20:59