"Асыл әжелер" бес жаста
Ақтөбенің мәдени өміріне айрықша мән берген "Асыл әжелер" халықтық ансамблінің құрылғанына бес жыл толды. Кимешек киген қазыналы қарттарымыздың мерейтойы "Геолог" мәдениет үйінде өтті. Мереке иелерін Қарғалы селолық округінің басшылары құттықтады. Күлара Шалабаева он екі немере үш шөберенің әжесі. Бейнеттеніп он бала тәрбиеледім, енді зейнет жасымда өмірімнің жаңа белесі туды дейді қария. "Асыл әжелер" ансамбліне алғашқыларды бірі болып қосылған жезтаңдай кейуана аптасына екі рет болатын дайындықты қалт жібермейді. Өнер өрісін кеңейткен ұжымның репертуарында 100- ге жуық халық әні бар. Ансамбль құрамында жиырма әнші. Қарияларымыздың қазақ- орыс, татар әндері ғана емес, ағылшынша да тілдері жатық. Ансамбль жетекшісі Қарагөз Сағынова. Данагөй әжелеріміздің бала көңілін аулап, олардың ән айтуға деген құштарлығын танып білген Қарагөз - араларындағы ең кішісі. Ал халық алдында тайсалмай, сахна төрінде сайрайтын әжелеріміздің ең үлкені жетпіс алтыда. Бүгін мереке иелерін Қарғалы селолық округінің басшылары құттықтады. Жылы лебіздерін білдірді. Жиналғандар "Асқақтай бер, асыл мұрам!" атты концерттік бағдарлама тамашалады. Өнерсүйер қауымды тәнті еткен ансамбль құрметіне киіз үй тігіліп, ақ дастархан кеңінен жайылды. |
Количество показов: 2536
Дата создания: 25.09.2013 18:34:56