Ащыкөл кен орнында 2 адам газбен уланып, қайтыс болды
Тағы да- төтенше жағдай. Кеше Ащыкөл кен орнында екі жұмысшы газдан уланып қайтыс болды, зардап шеккен тағы сегіз адам Байғанин аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Мұнайшылардың барлығы- "СағызПетролеум" ЖШС-нің жұмысшылары деп хабарлайды ҚазТАГ ақпараттық агенттігі.
Қайғылы оқиға кеше кешкі бестер шамасында Байғанин ауданындағы Ащыкөл кен орнында болған. 25 текше метрлік бөшкенің ішін жағармай помпасымен тазарту кезінде 45 жастағы сантехник пен 31 жастағы инженер газ буына уланып, оқиға орнына қайтыс болған. Қалған сегіз жұмысшы қазір Байғанин аудандық ауруханасында жатыр. Зардап шеккендердің барлығы "СағызПетролеум" ЖШС-нің жұмысшылары. Аудандық аурухананың бас дәрігері Мұңалбек Жазықовтың айтуынша, жұмысшылардың беті бері қараған. Ертең үйлеріне жіберіледі. Компания өкілдері ақпараттық агенттіктер таратқан деректерден әрі аса алмады. Екі бірдей жұмысшының өндіріс орнында қаза болып, сегізінің улануы-үлкен апат болып саналатыны айтпаса да түсінікті. Бұл кімнің кінәсі? Бұл - басы ашық сауал болып қалып отыр. Компанияның еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау мәселесіне тікелей жауап беретін маманы қазір бәрі анықталып жатыр дегеннен басқа ештеңе айтпады. Ал Ақтөбе облысы бойынша еңбек инпекциясы жөніндегі басқармасындағылардың хабарлауынша, арнайы құрылған комиссия ертең кен орнына барып, істің мән-жайын анықтамақшы. "Сағыз Петролеум" - Атырау жене Ақтөбе облыстары аумағындағы барлау блоктарында геологиялық барлау және іздеу жұмыстарын жүргізумен және ілеспе газ бен шикі мұнайды өндірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік.
|
Количество показов: 2119
Дата создания: 05.08.2013 17:59:20