Арықтар тазартылуда
Қалада арықтар тазаланып жатыр. Суағарларды күтіп-ұстау үшін бюджеттен 27,6 миллион теңге бөлінген. Тендерді ұтып алған "Клинес" мердігерлік мекемесіне маусым бойы арықтарды мейілінше таза ұстау міндеттелді. Бүгін жұмысшылар Пацаев және Маресьев көшелеріндегі жабық арықтарды қоқыстан арылтты. Нөсер жауыннан сарылдап аға жөнелер сағасын таппаған судың жол бойына жайылатыны біздің қала үшін қалыпты жағдай. Мұндай жайт жүрер көлікке де, жаяу адамға да қолайсыз. Жаңбыр суын жинап, кәріз құдықтарына апарып құятын арықтар жауын кезінде ғана есімізге түседі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің есебі бойынша, қалада кеңес дәуірі кезінен қалған 24 мың шақырым ашық арық, 5 мың шақырымдай жабық суағар бар. Арықтарға толған су арнайы жүйемен 22 су жинақтаушы құдыққа төгілуі тиіс. Бірақ, біздегі арықтардың бәрі бітелген. Суағарларды күтіп-ұстау үшін тендер ұтып алған "Клинес" компаниясының жұмысшылары бүгін Пацаев көшесіндегі арықты тазартты. Пацаев көшесіндегі жабық арықтар биылдыққа төртінші рет тазаланып жатыр. Хасен Юсуповтың айтуынша, бұған тұрғындардың кінәсі де бар. Қоқысты жәшікке салудың орнына жол бойындағы ашық жыраға лақтырады. Арықтарға жуынды төгетіндер де табылған. Ал, Шәмші Қалдыаяқов көшесінде белгісіз біреулер арықтардың бетіне жабылған темір торларды жұлып әкеткен. Су жиналуы тиіс арықтың іші қазір ағаш бұтақтарына толы. Әкімдік қаладағы сегіз көшеге арық жасауды жоспарлап қойған. Суағарлар қашан және қай көшелерде қазылатыны әзір белгісіз. Су жиналатын орындар былтыр Краснощеков, Зауыт, Мясоедов және Озерный көшелерінде жаңадан жасақталған болатын. Тұрғындар арықтардың пайдасын көріп отыр. |
Количество показов: 2593
Дата создания: 21.05.2013 18:51:40