Арықтар қоқыс төгетін орынға айналып барады
Тұрғындардың салғырттығы көктемгі су тасқынына қарсы штабтың жұмысын қиындатты. Еріген қар суын ағызуға арналған арық жүйесін қоқыс жәшігіне айналдырған. Кедергіге тап болған су сыртқа ағып, көшелерді лай су басты. Көктемгі су тасқынына қарсы қалалық штаб өз жұмысын аяқтады. Екі аптаның ішінде тұрғындардан 863 қоңырау қабылданған. Қала әкімі аппараты төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бекболат Нұрашевтің айтуынша, осы уақыт аралығында 90 мың текше метрден астам қар суы сорғызылған. Наурыздың алғашқы аптасында күннің күрт жылынуы штабтың жұмысын қиындатты. Абырой болғанда, барлық техника жұмылдырылып, төтенше жағдайларға жол берілмеген. Биыл көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарға 100-ден астам техника атсалысып,1383 тонна инертті материал жұмсалған. Биылғы көктем былтырғыға қарағанда, біраз әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Бірақ, тұрғындар жағдайды өздері қиындататын жағдайлар да кездеседі дейді қалалық төтенше жағдайдар бөліміндегілер. "Жаңбыр жаумай, су болатындардың" бірі- 11-ші шағын аудандағы Вагон көшесінің тұрғындары. Осыдан екі жыл бұрын қайта жөнделген арықтар бүгінде қоқыс төгетін орынға айналыпты. Плиталары да қолды болған. Соның кесірінен, суағарлар бітеліп, онсыз да балшығы иленген көшені су шайып жатыр. Жыл бойы қала сыртындағы полигонга 50 мың тонна қар шығарылған. Биыл көктемгі су тасқынынан сақтық шараларына жергілікті қазынадан 68 млн теңге бөлінді. |
Количество показов: 2193
Дата создания: 28.03.2013 18:36:41