Қарның тоқ па, студент?
Қарның тоқ па, студент? Бүгін Қазақстан студенттерінің Альянсы осы сауалға жауап іздеді. Жоғары оқу орындарының асханаларын аралап, мәзірді қарап, сауалнама жүргізді. Кемшілікті анықтасақ, білім және ғылым министрлігіне шағымданамыз дейді жастар. Альянстықтар бүгінгі акцияны Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтынан бастады. Себебі, өткен жылы "Ең арзан студенттер асханасы" деген атақ осы оқу орнына бұйырған болатын. Мұны институттың студенттері де растайды. Мәзір көңіл толарлықтай. Ең бастысы баға да біздің қалтамызға лайықталған дейді бірауыздан. Бәліш, тоқаштан бөлек, кез-келген уақытта бірінші, екіншіге ыстық тамақ бар. 250 теңгеге қарын тойдыруға болады дейді болашақ педагогтар. Акция елдің барлық аумағында өткізіліп жатыр. Альянс мүшелері аймақтардағы жоғары оқу орындары асханасының жай-күйін білді. Студенттер арасында сауалнама жүргізді. Асханадағы қызмет көрсету, мәзір, бағасы көңілге қонымды ма, тазалық деңгейі қандай, кемшіліктері бар ма деген сұрақтар қойылған. Шара 30-қыркүйекке дейін жалғасады. Нәтижесі белгілі болғаннан кейін, Қазақстан студенттерінің Альянсы ЖОО асханаларының рейтингін жасап, ұсыныстарын білім және ғылым министрлігіне жолдамақ. |
Количество показов: 2891
Дата создания: 14.09.2012 18:58:29