Қарабұтақ ауылы маңынан апаттық медицина орталығының бөлімшесі ашылады
Келесі жылы Қарабұтақ ауылы маңында апаттық медицина орталығының медициналық-құтқару бекеті құрылады. Бұған ел бюджетінен 63 миллион теңге бөлінген. Аумағында бірде-бір емдеу мекемесі жоқ Қарабұтақ трассасы үшін мұндай бекет ауадай қажет. Қарабұтақ трассасы - бойында ешбір медициналық нысаны жоқ жолдардың бірі. Көлік апаты бола қалса, зардап шеккендерді қашықтағы Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізу керек. Ауыр жағдайдағы адамдың өмірі бір сағатқа тең. Алтын уақыт ішінде медициналық көмек көрсетілмесе, адам өліп кетеді. Ақтөбедегі алғашқы медициналық құтқару бекетін осы Қарабұтақ ауылы маңынан тұрғызу қажеттілігі осыдан туындап отыр, дейді апаттық медицина орталығының облыстық филиал жетекшісі Асқарбек Қаржауов. Медициналық құтқару бекетінің дәрігерлері жүз шақырым аумақтағы шақыртуларға шығып, жол-көлік апаттары, өрт, су тасқыны кезінде шұғыл медициналық көмек көрсететін болады. Бекет іші толықтай медициналық құрал-жабдықтармен жарақталады. Медициналық бригада 15 күн сайын алмасып кезекшілік етеді. Бекетке жеткізілген науқасқа ота жасау мүмкін болмаса, тікұшақ шақыртылады. Ол үшін бекет жанынан арнайы алаң да жасалмақ. Қазір ел бойынша бұндай бекеттердің алтауы жұмыс жасап, тиімділігін дәлелдеп отыр. Болашақта бұл бекеттер қауіпті трассалар: Алға-Қандыағаш, Ақтөбе-Орал тас жолдарының бойы мен Бөгетсай ауылы маңында жасақталуы мүмкін. Ақтөбедегі апаттық медицина орталығы екі жылдан бері төтенше жағдайлар министрлігі жанынан қызмет етіп келеді. Сондықтан, орталық бригадаларының кез-келген төтенше оқиға болған жерде жүруі міндеттелген. |
Количество показов: 3067
Дата создания: 13.11.2012 18:53:32