Қарабұтақ ауылдық мешітінің бас имамына қажылық сапарына жолдама берілді
Қарабұтақ ауылдық мешітінің бас имамы Елубай Сыбаевқа қажылық сапарына жолдама берілді. Облыстағы ең қарт дін қызметкеріне тосын сыйды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жасады. Аймақ басшысы бүгін "Руханият" музейінде қала және аудан имамдарымен кездесті. Архимед Мұхамбетов облыс имамдарының басын қосып, осымен екінші жыл қатарынан жүздесіп отыр. Бүгін ол дін қызметкерлерімен аймақтағы мешіттердің қызметін жандандыру жайында пікірлесті. Бірқатар тапсырмалар жүктеді. Өңірдегі діни ахуалға оң баға берген соң, облыс басшысы осы салада белсенді қызмет атқарып жүрген имамдарды марапаттады. Қарабұтақ ауылдық мешітінде 12 жылдан бері діни уағыз жүргізген 73 жастағы имам Елубай Сыбаевқа қажылық сапарға баруға мүмкіндік беретін жолдама табыс етілді. Меккеге барып көрмеген қарт имам үшін бұл күтпеген сый болды. Әкім сондай-ақ, Темір ауданы, Шұбарши ауылдық мешіті мен Шалқар ауданындағы Шілікті ауылдық мешіті имамдарына ноутбук сыйлады. Ал кешкі сағат тоғызда имамдар "Нұр Ғасыр" мешітінің асханасына ауызашарға шақырылды. Дастархан 180 адамға есептеліп жайылады. |
Количество показов: 2031
Дата создания: 31.07.2013 19:41:01