Қарғалыда 80 орындық босану үйі ашылды
Жүкті әйелдер үшін сүйінші хабар. Бүгін Қарғалы қалалық ауруханасы жанынан босану бөлімшесі ашылды. Қарғалы қалалық ауруханасының жанынан орын тепкен босану үйі үш жыл салынды. Құрылысты "Трансмостгрупп" ЖШС-гі жүргізген. Жергілікті бюджеттің 624 миллион теңгесі жұмсалды бұған. Перзентхананың алғашқы қонағы облыс әкімі Архмед Мұхамбетов болды. Әкім босану үйінің мүмкіндіктерімен жеке танысты. Палаталарға кіріп, аяғы ауыр әйелдермен пікірлесті. Жағдайларын сұрады. Перзентхана 3 қабатты. 80 орындық. Ғимаратта жүктілер патологиясы бөлімі, босану палаталары, екі операция бөлмесі, қарқынды терапия палатасы мен нәрестелерге арналған бөлмелер бар. Жаңа перзентханада жас босанған аналар үшін асхана, жуыну бөлмелері қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына пандустар, жеделсатылар жасақталған. Тіпті, ана мен сәбидің туыстарымен кездесуіне жағдай бар. Бүгін ашылған босану бөлімшесінде айы, күні жеткен аналар сәбилерін күтіп отыр. Бірақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырдың айтуынша, перзентхана жүкті келіншектерді келесі аптадан бастап қабылдайды. Әзірше бұл жерде жүктілік мерзімі жеңіл өткен әйелдер босанатын болады. |
Количество показов: 3131
Дата создания: 03.08.2012 18:52:52