Аптап ыстық он күндей сақталады
Тамыздың ортасы туса да, аптап ыстықтың беті қайтар емес. Күндіз 40 градустан түспейтін күн райы жүрегі әлсіз, қан қысымы жоғары ақтөбеліктерді титықтатып бітті. Жедел жәрдем бекетіне күніне кемінде 500 шақырту түседі. Жартысынан көбі - ыстықтың зардабы тигендер. Көше сыпырушы Елена Новичкова қырық градустық ыстықта ашық аспан астында еңбек етеді. Таңнан кешке дейін Есет батыр көшесінің күл-қоқысын тазалайды. Ми қайнатар ыстыққа келіншек әбден үйренген. Қапырықтан қара сумен қорғанып жүр. Көгал қырқушы Иван Шевченко да нағыз аспан жерге айналып түскендей шақта жұмыс жасайды. "Елім-Ақтөбе" мекемесінің жұмысшысына Абай гүлзарындағы жасыл шөпті тегіс етіп қырқу жүктелген. Қалалық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Мәжит Қозыбақов мұндай күндері күн астындағы жұмыстарды доғара тұруға кеңес береді. Екі күн демалыста далада еңбек ететін он шақты адам жедел жәрдем шақыртқан. Жүрегі әлсіз, қан қысымы жоғары ақтөбеліктер де ыстыққа шыдай алмай жиі ауыратын болған. Тамыздың ортасы келсе де, беті қайтпай тұрған ыстық біздің өңірде әлі де он күндей сақталады. Айдың 20-нан кейін ғана ауа температурасы 25-27 градусқа төмендеуі мүмкін. |
Количество показов: 3569
Дата создания: 13.08.2012 18:38:29