Алыста жүрген қазақтар "Ұлы мұра" фестиваліне жиналды
Шетелдегі қандастар Ақтөбеде бас қосты. Бүгін "Достық" үйінде "Ұлы мұра" халықаралық байқау-фестивалі басталды. Оған алыс-жақын шетелден келген қазақ дисапораларының өкілдері қатысып жатыр. Фестиваль аясында қолөнер көрмесі мен өнер ұжымдарының концерті өтеді. Туған жерге табаны тиген адамға бүгін "Достық" үйінде өтіп жатқан фестивальдің әр сәті-қызық. Ұлттық аспаптан төгілген күй, ұлттық киімдегі қыз-жігіттер, ана тіліндегі пікір алысулар- бәрі таңсық. Қандас бауырларымыз әрбір сәтті бейнетаспаға түсіріп әлек. Үйге барған соң, сол жақтағы қазақтарға көрсету үшін қажет дейді. Бүгінгі халықаралық өнер байқау-фестиваліне келген көп қазақтың бірі-Ысмайыл Кесижи. Тұманды Альбионда тұрақтағанына 30 жыл болған. Ата-бабасы кезінде Көкшетаудан Түркияға, кейін Англияға қоныстанған. Ысмайыл 12 жылдан бері Ұлыбританиядағы қазақ қоғамын басқарып отыр. Британияда құдайға шүкір бір қауым елміз дейді. Бұрыннан тұрақтап қалған 600 отбасы бар екен. Ағылшын еліне ұзатылған 250 қаракөз, жұмыс бабымен барып, кейін сол жақта мекендеп қалған 100 түтін қазір Лондонды өз үйі санайды. Бірақ, "өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болу" керектігін естен шығармақ емес. Балаларының туған тілін ұмытпауына аса маңыз беретін бауырларымыз Ресейдің Астрахань облысы Камызяк ауданында тұрады екен. Бір ғана Астрахань облысында 160 мың қазақ бар. Бұл- тұрғындардың жалпы санының 16 пайызын құрайды. "Жолдастық" қазақ қоғамының төрағасы Өмірзақ Бекмұқановтың айтуынша, Астраханның қазақтары бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып отыр. Ал қазақтар жиі шоғырланған аудандарында мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытылады. Бүгінгі байқау-фестивалге алыс-жақын шетелден келген 300-ге жуық адам қатысып жатыр. Көрмеге "Кескіндеме", "Графика", "Сәндік қолданбалы қолөнер" бұйымдары қойылған. Қытайдан келген шебер Жұмақан Нұрмұхаметұлының сүйектен жасалған туындылары мен моңғлиялық қолөнер шебері Сайлау Түркібайқызының жұмыстары көпшіліктің үлкен ықыласына бөленді. "Ұлы мұра" халықаралық өнер фестивалі 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Бастама көтерген- Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі мен "Нұр Отан" ХДП АҚФ. |
Количество показов: 2640
Дата создания: 05.09.2013 19:24:50