Алты қазақ палуаны Қазан универсиадасына қатысады
Алмат Кебіспаев бастаған алты палуан Қазан универсиадасында ел намысын қорғайтын болады. Грек-рим күресінің шеберлері шілденің 13-де Татарстан астанасына аттанбақ. Ал, әзірге спортшылар біздің қалада оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Қазақ атынан Қазан универсиадасына қатысатын алты палуанның ішінде ақтөбеліктер жоқ. Бірақ, грек-рим күресінен ұлттық құрама біздің қалада облыстық олимпиада ізбасарларын даярлау орталығында жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Құрама бапкері Таңат Сағындықовтың айтуынша, бізде база мықты. Мақтаулы орталықта бүгін біз Лондон олимпиадасына қатысқан Даниял Гаджиев пен Нұрмұхан Тыналиевтерді көрдік. Алмат Кебіспаев - алаш батырларын бастап баратын балуан. Студенттер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы, әлем біріншіліктерінің күміс және қола жүлдегері. Былтыр Лондон олимпиадасында бесінші орын алған. Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері деген атағы бар. Алмат күреспен 12 жасынан бастап шұғылданып келеді. 60 келіге дейінгі салмақта күресетін жігітке бапкерлердің үміт артады. Алматтан өзге, Қазан қаласына жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жансерік Сәрсенбиев, ересектер арасында 2013 жылғы ел чемпионы Асхат Жаңбыров, ел чемпионаттарының бірнеше мәрте жүлдегері Нұрсұлтан Тұрсынов, халықаралық санаттағы спорт шебері Ерұлан Ысқақов және 2013 жылғы Азия чемпионы Нұрмұхан Тыналиев барады. Жігіттердің дайындығына қарап, бапкерлер біздің қоржынға спорттың бұл түрінен ең болмағанда бір алтын түсетінін болжап отыр. Грек-рим күресінен ұлттық құрама біздің қалада шілденің 12-не дейін жаттығады. 13-де спортшылар жолға шығып, Орынбор арқылы Қазанға жетеді. 15-де бозкілемге шығады. Жанкүйер болайық. |
Количество показов: 1843
Дата создания: 05.07.2013 19:07:00