Алдағы жылы өңірге коронавирусқа қарсы вакцина жеткізіледі
Өткен тәулікте 11 ақтөбеліктен коронавирус жұқпасы табылған. Алты адам симптомды, 5-уі симптомсыз түрімен ауырып жатыр. Науқастардың барлығы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда. Вирусты жұқтырғандар арасында екі мектеп оқушысы бар. 3-ші сынып оқушылары бұрын бұл дертпен ауырған ата-аналарынан жұқтырған болуы мүмкін. Жалпы қыркүйектен бері қалада 15 оқушыдан аталған жұқпа анықталған. 13 бала ауруларынан айыққан. Осылай деген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев алдағы мереке күндері жеке қауіпсіздік мәселесін қатаң сақтауды ескертеді. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің желтоқсан айында шыққан соңғы қаулысы бойынша, мерекелік жиындарға тыйым салынған. Тіпті бірнеше отбасы мүшелері болып мерекелік кештер өткізуге болмайды. Қаулы талаптарын орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Сәйкесінше желтоқсан айының соңғы аптасында облыстық жедел топ мүшелері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану орындары мен шағын нысандардың қызмет көрсету тәртібі тексеріледі. Әлеуметтік ара қашықтық сақтау, адам санын шектеу талаптары басты назарда болады.
Количество показов: 652
Дата создания: 25.12.2020 20:05:27