Қаланың ескі бөлігіндегі үйлердің аулалары жөнделеді
Биыл күзге дейін қаладағы маңызды көшелер ағымдағы жөндеуден өтеді. Және Мәншүк Мәметова көшесі кеңейтіліп, көлік қозғалысына ыңғайлы етіп қайта жасалмақ. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдікте өткен кеңесте айтылды. Оған қатысқан қала басшысы Ерхан Омаров жаңадан бой көтеріп жатқан "Батыс-2" мен "Нұр Ақтөбе" аудандарына жаңа қоғамдық көліктер шығаруға тапсырма берді. Биыл қаладағы Әкімжанов, Жамбыл, Кереев, 8 наурыз көшелері жөндеуден өтеді. Сондай-ақ ескі қаладағы соңғы аталған көшелердегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларының жолдары дұрысталады. Былтыр бұл жоба аясында Әбілқайыр, Молдағұлова даңғылдары, Ағайынды Жұбановтар көшесі мен 11 мөлтек аудандағы 269 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы жөнделген. Жоспар бойынша қоңыр күз келгенше әуе қалашығындағы темір жол өткелі кеңейтілмекші. Сонымен бірге Гоголь көшесі мен Ақтөбе халықаралық әуежайына апаратын жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. |
Количество показов: 2064
Дата создания: 05.04.2013 18:55:41