Қалалық суреттер мен эсселер байқауының қорытындысы шығарылды
Бүгін Достық үйінде "Әлемді қалай зорлық-зомбылықсыз құруға болады?" атты қалалық суреттер мен эсселер байқауының қорытындысы шығарылды. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті мұрындық болған байқауда қала оқушылары белсенділік танытқан. Қазылар алқасы 25 сурет пен 35 эссенің арасынан үздіктерін таңдап, бүгін жеңімпаздарды марапаттады. Үздік сурет пен үздік эссе байқауы "Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ" атты республикалық ақпараттық науқан аясында қарашаның екісі күні жарияланған болатын. Екі аптаның ішінде байқауға қаланың 20 мектебінен 60-тан аса баланың жұмысы келіп түсті. Қатаң іріктелген үш үздік сурет пен эссе авторларының есімдері бүгін белгілі болды. №51 гимназияның 10-шы сынып оқушысы Динара Шанбасованың жұмысы үздіктер арасынан табылмағанымен, мазмұнды эссе болып шықты. "Әлемді зорлық-зомбылықсыз қалай құруға болады" деген сауалға оның өзіндік жауабы бар. Өзге оқушылар өз суреттерінде бақытты балалық шақты бейнелеген. Отбасындағы зорлыққа толы өмірді қағазға түсіргендер де жоқ емес. Эссе авторлары өздері куә болған оқиғаларды, зорлық-зоблыққа қатысты пікірлерін емін-еркін жаза білген. Үздік үш суреттің иесіне сурет салу құралдары сыйға тартылды. Шебер жазылған алты эссенің авторына кітаптар тарту етілді.
|
Количество показов: 5232
Дата создания: 15.11.2012 18:54:16