Қалалық көркемсурет лицейінің оқушылары топ жарды
Жүлделер жауған күн. Қалалық көркемсурет лицейінің оқушылары республикалық және халықаралық байқаулардан олжалы оралды. Лицейдің 5-сынып оқушысы Мәди Келеш Астанада өткен ЮНЕСКО клубының халықаралық қолданбалы сәндік және бейнелеу өнері байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Тағы бір марапат- Жапониядан жетті. Бүгін қалалық көркемсурет лицейінің оқушыларында-мереке. Әсіресе, ұстаздар қауымының қуанышында шек жоқ. Тәрбиеленушілері бір мезетте бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардан жеңімпаз болып оралды. Жетістігімен қуантқандардың бірі- лицейдің 5-сынып оқушысы Мәди Келеш. Оның "Дала әуендері" атты жұмысы Астанада өткен балалар көркемсурет мектебі-ЮНЕСКО клубының халықаралық қолданбалы сәндік және бейнелеу өнері байқау-фестивалінің Гран-Приін жеңіп алды. Мәдидің батикпен әуестенгеніне - 6 жыл. Ләйлә Тәженовадан дәріс алады. Сынға түскен батик жанрындағы туындысын Мәди түсінде көргенін айтады. Соның негізінде әзірлеп шыққан. "Жібек жолы" байқау-фестивалі жүлдегерлерінің жұмыстары Үндістанда өтетін балалар шығармашылығының көрмесіне қойылады. Ал лауреаттар мен шеберлік сабақтарына қатысып, белсенділік танытқан өзге оқушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Балалар Астанаға сапарынан ерекше әсер алғандарын айтады. Батик, жүн басу, қыш, аэрография өнері бойынша дәрістер тыңдаған. Лицейдің екі тәрбиеленушісі халықаралық жүлденің дипломдарымен марапатталды. "Шеврон" мұнай компаниясы өткізген "Жер-ортақ үйіміз" атты пленэрлік байқауда Анна Ауданбаева мен Айнұр Таңжарықовалар ақтық сынға жолдама алып, топ жарды. Бүгін жеңімпаздардың барлығы дипломдармен және бейнелеу өнеріне қажетті құралдармен марапатталды. |
Количество показов: 2124
Дата создания: 02.07.2013 17:55:00