Қаладағы көліктер қоршаған ортаны ластауда
Қаладағы ауаның ластануына зауыттардан бұрын көліктердің көптігі себеп. Қозғалтқышы қосулы тұрған көлік бір сәтте ауаға 200-ден астам зиянды зат таратады. Шаһардың әр ауданынан ауа сынамасын алып, зерттеу жүргізген облыстың санитар - мамандары осындай қорытынды жасап отыр. Көлік жүргізуде елу жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Иван Бикетов темір тұлпарын күтіп ұстайды. Қосалқы бөлшектерін үнемі ауыстырып, жаңалап тұрады. Бензиннің сапалысын құяды. Сондықтан болар, 11 жыл бұрын шығарылған машина сырт көзге жаңа. Алайда, техникалық бақылау орталығының қондырғылары мұндай көліктен де ақау тапты. Газ саралауыш құрылғы "Ваз 2107" көлігінің қозғалтқышынан шыққан газдың зиянды заттарға толы екендігін анықтады. Күн сайын техникалық қызмет көрсету орталығына кіргізілетін он көліктің сегізінен осындай кемшілік табылады. Орталық мамандары бұған бензин сапасының нашарлығын, қозғалтқыштағы майдың уақтылы ауыстырылмайтындығын және көліктің қосалқы бөлшектерінің дер кезінде жаңартылмайтындығы себеп дегенді алға тартады. Қалай болғанда да, ізінде қара түтін қалатын көліктер біздің көшелерде толып жүр. Тек шаһардың өзінде 100 мыңға жуық көлік құралы тіркелген. Күн сайын аудандардан қатынайтын машиналарды қосыңыз. Санитар-мамандар қозғалтқышы қосулы тұрған бір көлік ауаға кем дегенде 200-ден астам зиянды зат тарататындығына көз жеткізген. Қала ішіндегі ауаны ластауда зауыттардан бұрын нақ осы көліктер басымдыққа ие, дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы Эльза Шомпаева. Санитар-мамандар келесі аптада тағы да ауа құрамынан сынама алуды көздеп отыр. Бұл жолы темір жол және әуе көліктері тоқтайтын нысандар маңы тексеріледі. |
Количество показов: 4194
Дата создания: 29.07.2013 18:48:09