Қалада биыл 45 шақырымдық су құбыры жаңартылады
Қаладағы 469 шақырым болатын су құбыры әбден ескірген. Оның биыл 45 шақырымы ғана республикалық бюджеттен бөлінген 2 млрд теңгеге жаңартылады. Құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер компания анықталса, ескірген су құбырлары 1-ші қазанға дейін алмастырылып болуы тиіс. Бұл мәліметтер бүгін Тамды су тоғаны 2-ші көтерілімінің сорғылау бекетінде журналистер үшін өткізілген баспасөз турында баяндалды. Әуе қалашығы, Мәскеу, Қалалық сүт зауыты аудандарына салқын су жеткізіп отырған тоғанға былтыр 76 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Нақтырақ айтқанда сорғылау стансасына Германиядан екі "Грундфос" маркалы сорғыш жеткізілген. Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама бойынша өте қымбат тұратын бірнеше 500 мм жапқыш, қақпақтар ауыстырылған. Тамды су тоғанының 2-ші көтерілімдегі сорғылау бекеті 1967 жылы пайдалануға берілген. Бекеттің өнімділігі тәулігіне 67 мың текше метрді құрайды. "Ақбұлақ" АҚ президентінің кеңесшісі Болат Қуанышевтің айтуынша, жаңартылған сорғылау құрылғылары біраз пайда әкелуі мүмкін. Яғни бір жылда компания 9 млн теңге үнемдейді. Бұл қаржы сонау 1970 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген қаланың су құбырларын жаңалауға жұмсалуы мүмкін. |
Количество показов: 2178
Дата создания: 23.04.2013 19:32:37