Қалада 20 үйде жылу жоқ
Жертөлеге келіп тұрған жылуды пайдалана алмай отырған тұрғын үй, жатақхана, шағын отбасылық жатақханалар қаладағы ғимараттардың 1 пайызын құрайды. Нақтырақ айтсақ, 20 шақты үйдің жылу желісі жарақсыз. Ешқандай пәтер иелері кооперативі мен кондоминиумға бекітілмеген бұл үйлерді жылуға қосуды қалалық тұрғын үй инспекциясы өз бақылауына алған. Кеше "Трансэнерго" АҚ-ы үшін қалаға толық жылу беріп болу мерзімі бітті. Мекеме істі бекітілген уақытта тындырды да. Айтуларынша, қаладағы барлық ғимараттың жертөлесіне дейін жылуды жеткізіп болып, бір міндетінен құтылды. 8,7 шақырым құбырды жөндеу жұмыстарын да аяқтаған. Ендігі жауапкершілік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, одан қалса пәтер иелері кооперативтерінің мойнында. 20 шақты үйде әзірге жылу жоқ. Өйткені бұл тұрғын үйлер мен жатақхана, шағын отбасылық жатақханалардың жылу желісі иесіз. Ешқандай пәтер иелері кооперативі, кондоминиумдарға бекітілмеген үй тұрғындары коммуналдық желілер мен жертөлелерін өз күштерімен жөндеп алуға да құлықсыз. Людмила Овчаренконың тұмауратып жүргені байқалады. Сыз тартып кете ме деп пәтері үшін де алаңдаулы. Әзірге күн айтарлықтай суыта қоймаса да әйел өз пәтерінде тоңып жүргендігін сездірді. Мұндай иесіз үйлерді жылуға қосумен тұрғын үй инспекциясы айналысып жатыр. Жөндеуге демеушілер қаражаты жұмсалуда. Мәселен, Макаренко көшесі №1-ші үйдің құбырын жөндеу жұмысы басталған. Тұрғын үй инспекциясы тұрғындардан сабырлылық танытуды сұрайды. Кезек қарама-қарсы тұрған 3-ші үйге де келеді. |
Количество показов: 2217
Дата создания: 16.10.2013 19:32:14