Қалада 100 шақты тұрғын үй терможаңғырту кезегінде тұр
Терможаңғырту бағдарламасына ілігіп, жөнделген үйлердің бірі - мына Уәлиханов көшесіндегі ¹10 үй. Ғимараттың көше жақ қасбеті, балкондары қапталған. Мұндай көрініс бірақ, үйдің аула жағында байқалмайды. Қабырға тек сырланған. Жалпы, биыл қаладағы 24 көпқабатты үй терможаңғыртудан өткізіліп жатыр. 9-ы - бірінші, 15-і екінші механизм бойынша. Тұрғын-жайлар толықтай жөнделетін бірінші механизмге - 312 миллион, 500 мың теңге бөлінген. Ал тұрғындардың таңдауымен шатыр, жертөле немесе қасбетті жаңартуға 250 миллион теңге жұмсалады. Ал жергілікті биліктің бас ауруына айналған Маресьев көшесіндегі ¹82 жатақхананың мәселесі шешілуге жақын. Бұл үйдің тұрғындары жатақхананы терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндетуге келіскен. Құлауға жақын нысан ендігі жылы жаңартылады. Биыл қыста газ жарылып, жартылай өртенген Махамбетов көшесіндегі ¹20 үй біртіндеп қалпына келіп жатыр. Екі қабатты үй о баста терможаңғырту бағдарламасына енбеген болатын. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тұрғын-жайға жергілікті билік осы бағдарлама арқылы көмектесу керек деп шешті. Қалалық тұрғын үй инспекциясының бастығы Жұлдызбек Бисембиннің айтуынша, кезекте жөндеуді қажет ететін тағы 100 шақты үй бар. Қазір олардың ақаулық актісі жасалуда. Мамандар соған сүйеніп, келесі жылы жаңартылатын үйлердің тізімін жасақтайды. Ол кезде терможаңғырту бағдарламасы басқа әдіспен жүзеге асады. Біріншіден қаражат көп, екіншіден, үйлер механизмдерге бөлінбейді. |
Количество показов: 3061
Дата создания: 17.08.2012 18:56:35